2025 жылға жоспарланған Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар шеңберінде Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарында Ашық есік күндері аясында колледж студенттеріне арналған таныстыру экскурсияларын ұйымдастыруда.
Аталған іс-шаралардың мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және олардың беделін арттыру, сондай-ақ колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту арқылы арнаулы орта оқу орындарында кадрлар даярлау сапасын арттыру.
Бүгін, 2025 жылғы 26 қыркүйекте Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенттері «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-нің өндірістік цехтарына барды. Кәсіпорында профиль парақтар, қосымша элементтер, жол белгілері, әртүрлі мақсаттағы полиэтилен құбырлары, сондай-ақ пластмассадан жасалған халық тұтынатын тауарлар өндіріледі.
Экскурсия барысында студенттер өндірісті ұйымдастырумен, технологиялық процестермен және заманауи жабдықтармен танысты.
Жыл басынан бері осындай таныстыру экскурсиялары «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Оралагрореммаш» АҚ, «SARI KZ» ЖШС, «QazExpoCentre-Pipe» ЖШС, «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС, «Packaging Systems» ЖШС сияқты бірқатар кәсіпорындарда өткізілді.
Аталған кәсіпорындарға Орал политехникалық колледжінің, А. Иманов атындағы жол-көлік колледжінің, Сервис және жаңа технологиялар колледжінің, Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің, сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің студенттері барды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін өзге де компанияларға, оның ішінде басқа колледждердің студенттерімен бірлескен экскурсиялар ұйымдастыру жоспарлануда.